«Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті
Кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру
қажет. Бүгін Президент «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынына қатысып, қорғаныс
жүйесіндегілерге осындай үндеу жасады. Мемлекет басшысы салтанатты шарада үздік
әскерилерді де марапаттады. Сондай-ақ, Президент 1 шілде күні мемлекетіміздің
Бас құжаты – Конституция заңды күшіне енетінін және ел дамуының мүлдем жаңа
дәуіріне қадам басатынымызды еске салды.
Зұлқарнай Ермұратұлы, тілші:
- Айбын-2026. Жастар арасындағы ең ірі халықаралық әскери-патриоттық
жиындардың бірі. 2015 жылдан бері 14 пен 17 жас аралығындағы өрендерді темірдей
тәртіп пен бұлжымас бұйрыққа баулып келеді. Биылғы жиын Ақмола облысындағы
Шоқан Уалиханов атындағы әскери колледж базасында ұйымдастырылды. Оған іргелес
елдерді қосқанда 50-ден аса команда жиналған.
Алдымен өрендер апта бойы алаңда сыналды. Барлығы шынайы. Әскери өмір,
казарма, таңғы жаттығу, одан қалды, топтық сайыс. Шұлықтың орнына шылғау
байлап, полигонды паналау тағы бар.
Нұрасыл Шәріпов, «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынына қатысушы:
- Жарыс өте қызықты әрі тартысты болды. Төрт бес күн бұрын біз позицияны ешкімге бермей ұстап тұрғанбыз. Айбын 2026 ол бізде гранприге таласу. Күшіміз бірлікте атты кубокка таласта біздің күшіміз сол сында білінді.
Айтпақшы, Айбын-2026 әскери-патриоттық жиынына Қазақстаннан бөлек,
Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Әзербайжаннан мыңға жуық жас сарбаз келген.
Барлығы өз елдерінде ерекшеленгендер. Мұнда олар әскери-спорттық, зияткерлік,
шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Және биыл алғаш рет жүзу мен жасанды
интеллектіні игеру икемі тексерілді.

