Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту заң жүзінде қолға алынбақ

Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту заң жүзінде қолға алынбақ

Қазақстанда балық аулаумен айналысатын кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін енгізу ұсынылды. Олардың ішінде – субсидиялау, жеңілдетілген несие, арнайы салық режимін енгізе отыра, тиісті инфрақұрылыммен қамту шаралары қарастырылмақ. Өз кезегінде балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің де өз міндеттемелері болады. Бірінші кезекте олар, өндіріс көлемін едәуір көбейтіп, ішкі нарық қажеттіліктерін толықтай өтеп, еңбек өнімділігін арттыруы тиіс. Балық шаруашылығын дамытуға арналған осы және өзге шаралар тиісті заң жобасында көрініс тапты. Әзірге талқылау сатысындағы бұл құжат бірнеше басым бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, құқықтық база қалыптастыру, экономикалық жағдай жасау, экспорттық әлеуетті арттыру және балық өнімдерінің санын арттыру. Сондай-ақ саланы дамыту үшін цифрлық технологиялар қолдану және балық өсіруді қолға алу мақсатында су қоймаларын пайдалануға беру секілді шараларды қарау көзделуде. Бұндай құқықты инвесторлар конкурстық және конкурстан тыс негізде ала алады.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Су айдындары аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурс негізінде өткізіледі. Бекіту мерзімін 5 жылдан 25 жылға дейін белгілеу ұсынылады. Бұл ретте, аквамәдениет саласындағы инвестициялық жобалар үшін халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарын, егер салымдардың ең аз сомасы кемінде 150 мың АЕК құрайтын болса, конкурс өткізбестен беру ұсынылады, бұл 500 млн. теңгеден сәл асады. Инвесторлар үшін негізгі шарттар - бұл бизнес-жоспардың болуы және қаражаттың болуын растау.