Тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну

Тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну

Алматылық дәрігерлер аллергияға ұқсайтын қауіпті дерт туралы пікір алмасты. Бұл тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну. Аталған індетті анықтау қиын, сондықтан қате диагноз қойылып, науқас жылдар бойы дұрыс ем алмай жүреді. Әлемдік статистикаға қарасақ, бұл ауру әр 50 мың адамның бірінде кездеседі екен. Қазақстанда осы кеселмен 1 мыңға жуық адам өмір сүруі мүмкін, бірақ көбі өз диагнозын әлі білмейді.

Тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну сирек кездесетін дерт. Ағзада ісінуді тежейтін ақуыз жетіспегендіктен бет, ерін, қол-аяқ, іш және тыныс алу жолдары кенеттен ісіп кетеді. Аллергияға ұқсайды, бірақ әдеттегі дәрілер әсер етпейді.

Арай Батырбаева, Республикалық аллергологиялық орталықтың басшысы, Алматы қаласының штаттан тыс бас аллерголог дәрігері:

- Бұл ауру кейбір аурулардың тасасында жүреді. Ісінумен көрінеді бірақ науқастар да дәрігерлер де бұл ауруды көп уақыт бойы аллергиялық ісіну немесе басқа ауру деп санайды адамдар 12-20 жыл өмірін нақты диагнозсыз уақыты кетеді. Бұл нені көрсетеді бұл ауру туралы ақпараттың аздығы.

Көп жағдайда дерт тұқым қуалайды. Ең қауіптісі- көмей ісінуі, себебі адам тұншығып қалуы мүмкін. 2021 жылдан бері елімізде бұл ауруды тегін тексеруге болады.

Заринна Кожахметова, «Такеда Қазақстан» компаниясының Медициналық бөлімінің директоры:

- Қазір бұл ауруды анықтайтын әдістер бар. Бес жыл бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Емдеу тәсілдері де бірнешеу, науқастар қажетті терапия алып жүр. Арнайы дәрі-дәрмектер бар, уақытылы ем қабылдаса, науқас толыққанды өмір сүреді. Енді ең бастысы дәрігерлер мен халықты ақпараттандыру қажет. Белгілер байқалса, адамдар дер кезінде тексерілуі керек.

2018 жылы науқастарға қолдау көрсету үшін ұйым құрылды. Бүгінде олар дәрігерлер және мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейді.

Сергей Морозов, ТҚАІ ауыратын науқастар ұйымының Қазақстандағы өкілі:

- Біз бұл дерт туралы ашық айта бастаған алғашқы ұйымбыз. Көп адам бізді әлеуметтік желі арқылы табады, ал негізінен дәрігерлермен тікелей жұмыс істейміз. Басты мақсатымыз- науқастарға қолдау беру, аурумен қалай өмір сүру және дұрыс емделу керегін түсіндіру.

Елімізде бұл дертті емдейтін заманауи дәрілер қолжетімді. Олар ағзадағы жетіспейтін ақуыздың орнын толтырып, ісінудің алдын алады. Уақытында ем қабылдаған адам қалыпты өмір сүре алады.