2024 жылы 30-ға жуық қазақстандық кино көрерменге жол тартады

2024 жылы 30-ға жуық қазақстандық кино көрерменге жол тартады

Өткен жылы 70-тен астам қазақстандық кино көрерменге жол тартты. Оның ішінде 56-ы – комедия. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мамандарының пікірінше, бұл жанр отандық көрерменнің сұранысына ие. Қалған картиналар, драма, экшн және хоррор жанрларына тиесілі.

 

Жангелді Өміралиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз хатшысы:

 

- 2023 жыл кино саласында осы индустрия үшін өте сәтті жыл болды десек, қателеспейміз. Қазір, нағыз кинобум болып жатқаны да жасырын емес. Кино өндірісі жыл санап артып келе жатыр. Оның ішінде прокатқа шығарылған картиналар саны да барған сайын көбейіп жатыр.

 

Ал биыл елімізде 19 картинаның өндірісі бастау алады. Сонымен қатар Қазақстанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тікелей атсалысуымен түсірілген 30 картинаны көрерменге ұсыну жоспарланып отыр. Кино саласының мамандарының айтуынша, барлық ленталар еліміздегі осы саланың қаншалықты дамып келе жатқанын көрсетеді.

 

Жангелді Өміралиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз хатшысы:

Олардың ішінде, «Жамбыл – Жаңа дәуір», Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» секілді үлкен тарихи драмалар бар. Сондай-ақ «Қара қыз» әскери драмасы да бар. Оның үстіне, үлкен мюзикл да жоспарлануда. Ол – А-Студио тобының өлеңдеріне негізделген «Солдат любви». Тіпті, қазақ рэп өнері жайында «Шулама» деген кино да түсіріліді. Сонымен қатар жемқорлық туралы «Жаза» экшн-картинасы да жарық көреді. Жалпы, жақсы туындылар көп болады.

 

Мемлекеттік қолдау арқасында 2023 жылы түсірілген қазақстандық 8 картина халықаралық фестивальдерден жүлдемен оралды. Үндістанның Мумбай қаласындағы фестивальде «Паралимпиадашы» картинасы үздік ер адам рөлі үшін арнайы жүлдеге ие болды. Ал, Аустралиядағы Asia Pacific Screen Awards кинопремиясынан «Бауырына салу» лентасы қанжығасын майлап қайтты. 15-і Ташкент халықаралық фестивалінде «Ағайындылар» фильмі үздік режиссер номинациясында топ жарды. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда «Айқай» картинасының халықаралық премьерасы өтті.