Қазақстан мен Аустрия арасында визасыз режим іске қосылды

Қазақстан мен Аустрия арасында визасыз режим іске қосылды

Енді Аустрияға дипломатиялық паспорт иелері визасыз қатынай алады. 1 мамырдан бастап екі ел арасында визасыз режим күшіне енді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Аустрия реадмиссия туралы келісімді де іске қосты. Аталған құжат заңсыз көші-қонды реттеуге және азаматтарды өз елдеріне қайтару рәсімдерін жеңілдетуді көздейді. Бүгін Аустрияның сыртқы істер министрі Беате Майнль-Райзингер елордаға ресми сапармен келіп, сыртқы саясат басшысы Ермек Көшербаевпен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Онда Аустрия тарапы Астана халықаралық әуежайына 25 паспорт оқу құрылғысын табыстайтынын мәлімдеді. Бұл бастама шекаралық бақылауды күшейтпек. Кездесу барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және инвестициялық әлеуетті арттыру мәселелері де кеңінен сөз болды. Айта кетейік, қазірдің өзінде Қазақстанда 400-ге жуық аустриялық компания жұмыс істейді.


Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Шығыс пен Батыс арасында транзиттік көпір ретіндегі елдеріміз өңірлік өзара байланыс пен саудада маңызды рөл атқарады. Сондықтан, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығымыз сан-қырлы байланыстарымыздың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді.

Екі елдің алыс-берісі былтыр 300 млн доллардан асқан. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайыз өсім көрсеткен. Дегенмен, саудада импорт басым. Қазақстан Аустрияға небәрі 6,5 млн доллардың тауарын экспорттаса, керісінше Аустриядан 293 млн доллардың өнімін сатып алған. Қазақстан Аустрияға негізінен шикізат өнімдерін жеткізеді. Олардың қатарында сирек кездесетін металдар, балық өнімдері, зығыр тұқымы және кейбір техникалық құралдар бар. Ал Аустриядан келетін тауарлар көбіне дайын әрі жоғары технологиялы өнімдер. Яғни дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар, автокөліктер, құрылыс материалдары мен түрлі тұрмыстық және азық-түлік өнімдері. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс әсіресе энергетика, медицина және өнеркәсіп салаларында қарқынды дамып келеді.