Вьетнам басшысы қазақ дәстүрімен танысты
Әскери парадты тамашалағаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамнан келген мәртебелі меймандармен бірге қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен ұлттық дәстүрін паш ететін «Этноауыл» көрмесін аралады. Онда халқымыздың тұрмыс-салтын, ұлттық киім үлгілері мен қолөнер бұйымдарын, саятшылық өнері мен ұлттық ойындарын қамтитын бірнеше тақырыптық аймақтар таныстырылды. Сондай-ақ, экспозициядан музыкалық аспаптар мен қазақ бейнелеу өнерінің үздік үлгілері де орын алды. Көрменің ең әсерлі сәттерінің бірі — Бас хатшы То Ламның қазақ халқының көне дәстүрі саналатын тұсаукесер рәсіміне қатысуы болды. Құрметті қонақ сәбидің тұсауын кесіп, оның болашағына ақ жол тіледі. Мәдени іс-шара шетелдік делегацияға қазақ халқының рухани әлемі мен тарихын танытып, екі ел арасындағы достықты нығайта түсті.

