ҚСЗИ сарапшылары Президенттің Катарға сапары туралы пікір білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Катарға сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға тың серпіліс беріп, жаңа кезеңге аяқ басады. Оның үстіне, инвестициялық әріптестікті де жаңа деңгейге көтереді. Қазақстандық Стратегиялық зерттеу институты сарапшыларының пікірінше, бұл сапардың стратегиялық маңызы зор. Себебі, Катар – экономикасы мен инфрақұрылымы жақсы дамыған ел ғана емес, Парсы шығанағындағы жетекші мемлекеттердің бірі. Шикізаттың мол қорының арқасында бұл мемлекет жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 100 мың доллардан асып, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 4 орынға тұрақтаған. Оның үстіне, Катар Таяу Шығыс саясатындағы алар орны да ерекше. Жалпы, сарапшылардың пікірінше, катарлықтарға Қазақстанға инвестиция салу өте тиімді. Еліміз Катарға тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп қана қоймай, Орта Азиядағы саяси ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Эмин Джаббаров, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы:

– Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына көп көңіл бөледі. Жалпы, қазақ халқының әл-ауқатын көтеру үшін инвестиция тарту керек. Ал инвестиция өз кезегінде әркез саясаттан және бүкіл мемлекеттермен орнатылатын жақсы дипломатиялық қарым-қатынастан басталады. Біз үшін дәл осы тұста тұтас бір аумақпен ғана емес, жекелей Катармен жақсы қарым-қатынас орнату аса маңызды. Біздің көпвекторлы сыртқы саясатымызды ескере отыра, біз қарсыласқан тараптарды бітімге шақырып, барлық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Сондықтан, Катарға да ерекше ықылас көрсеткеніміз дұрыс. Себебі, бұл екі елге де тиімді болады.