1 сәуірге дейін автокөлік салығын төлеп үлгеріңіз!
Автокөлік иелеріне құлаққағыс. Салықты 1 сәуірге дейін төлеп үлгеріңіздер! Мемлекеттік кірістер комитеті былтырғы көлік салығын төлеуге санаулы күн қалғанын хабарлады. Төлемді осы мерзімнен кешіктірсеңіз, 2 сәуірден бастап әр күнге өсімпұл қосылады. Берешек 1 айлық есептік көрсеткіштен асса, салық органдары борышкерге ескерту хат жолдайды. Ал егер 5 жұмыс күн ішінде төлем жасалмаса, іс сотқа жіберіледі. Қарыз көлемі 157 мың теңгеден асса, елден шығуға шектеу қойылуы мүмкін, банк шоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынады. Айта кетейік, салық былтырғы айлық есептік көрсеткішпен белгіленеді. Ол автокөліктің түрі мен көлеміне сай жеке есептеледі. Жылда салық органдары төленетін соманы есептеп, ақпаратты банктердің мобильді қосымшалары арқылы хабарламамен жібереді. Егер хат келмесе, төлейтін соманы комитеттің сайтынан білуге болады.

