Баламалы энергия көздері арқылы өндірілген қуат мөлшері 1 жылда 30,6% өсті

Баламалы энергия көздері арқылы өндірілген қуат мөлшері 1 жылда 30,6% өсті

Қазақстанда баламалы энергия көздері өндірген қуат мөлшері бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 30% артты. 2023 жылы бұл көрсеткіш сағатына 6,7 миллиард киловатты құрады. Оның басым көпшілігі 4 миллиард киловатты жел энергостанциялары өндірген. Қуат көзін өндіру бойынша екінші және үшінші орында сәйкесінше күн электростанциялары мен кіші гидроэлектростанциялар орналасты. Биоэлектростанциялар сағатына 3 млн киловатт қуат көзін өндірген. Бұндай мәліметті «Энерджипром.кз» порталы келтіруде. Сонымен қатар жалпы еліміз бойынша көрсеткішті алатын болсақ, соның 6% баламалы қуат көздеріне тиесілі. Салаға былтыр 451 млрд теңге инвестиция салынған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш те едәуір өсім – 47 процентті көрсетіп отыр. Бір қызығы, инвестицияның басым бөлігі, атап айтсақ, 206 млрд теңге жылу электр станцияларына бөлінген. Ал, баламалы қуат көздеріне бөлінген қаражатты тізбектесек: жел электр станцияларына 175 млрд теңге салынды, гидроэлектр станцияларына 12 млрд теңге бөлінді. Ядролық немесе атомдық станцияға 288,5 миллион теңге бағытталса, күн электр станцияларына 39 млрд теңге бағытталды. Өңірлер бойынша бөлінген қаржыны салыстырар болсақ, инвестицияның басым бөлігі үш аймаққа – Жетісу, Ақмола және Павлодар облыстарына тиесілі.