Ұстаздар ұлықталған күн
Кешегі референдумге байланысты ұстаздар мерекесі елімізде ертерек атап өтілген еді. Елордамыз Астана төрінде өңір-өңірден келген ұлағатты ұстаздар марапатталды.
Құшақ-құшақ гүлдер, төгілген күй, әуелеген ән бәрі-бәрі ұстаздар үшін! Астана төрінде Қазақстанның үздік мұғалімдері министрдің қолынан марапат алды. Ал ұлағатты ұстаздарды құттықтауға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек келді. Құттықтау сөз алған әкім, ұстаздар қауымына сүйінші жаңалығын да жеткізді.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
– Елордада екі үлкен мәселе бар. Біріншісі педагогтерді дайындау. Екінші мәселе оқу орталықтарын ашу. Биылғы оқу жылында 1 қыркүйекте 15 жаңа мектеп ашылды. Оның 9-ы арнайы Президенттің бағдарламасы жайлы мектеп бағдарламасының арқасында жобалар аяқталып, іске қосылып жатыр. Жыл соңына дейін қосымша 9 мектеп қалада ашылады.
Қала әкімі мектеп салынады дегенде мұғалімдердің еңсесі бір көтеріліп қалғаны анық. Ал ұстаздарға министрдің өзі өлең оқып берді.

