БЖЗҚ-дан артық қаражатын алған салымшылар салықтан босатылады
Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қорынан шекті мөлшерден артық қаражатын алған азаматтарды салықтан
босату мәселесі қалай шешіліп жатыр? Мәжілісте депутат Нұргүл Тау салық
кодексін таныстыра келген Үкімет өкілдеріне осындай сұрақ қойды. Өйткені бұған
дейін салықтың мұндай түрі тоқтатылатыны айтылып келген. Жауап берген
вице-министр Азамат Әмриннің айтуынша, кодекстегі ілеспен заңның бірінде бұл
мәселе реттелген. Оған сәйкес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған
зейнетақы қаражатына қатысты салық міндеттемелерін орындауды зейнеткерлікке
шыққаннан кейінгі кезеңге қалдырған азаматтар салықтан босатылатын болып
шешілген. Әйтпесе, жеке табыс салығы ретінде оның 10 пайызы ұсталып келген.
Зейнетақы жинағының артығын алу 2020 жылдан бастап рұқсат етілген. Талап
бойынша ол үй жағдайын реттеуге, денсаулығын түзеуге және қаржы компанияларға
басқару беруге алынады.

