29 адамға Астана есімі берілген
Осыдан тура 29 жыл бұрын 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері өткенін тарихтан белгілі. Сөйтіп, бастапқы 8 жыл "Астана күні" мерекесі осы датада тойланды. Бірақ 2006 жылдан бастап бас қала күні ресми түрде 6 шілдеге ауыстырылды. Бүгінде Астананың әлеуеті мейлінше жақсарған. Жылына шамамен 25-27 мың бала дүниеге келеді. Бүгіннің өзінде 24 нәресте туған. Осы уақытқа дейін 29 азаматқа Астана есімі беріліпті. Ал енді 1 сәуірдегі жағдай бойынша бас қаладағы тұрғын саны ресми 1 млн 674 мың 699 адамға жеткен. Әйтпегенде, 1998 жылға дейін Ақмола статусындағы шаһарда 300 мыңнан астам ғана адам тұрған. Осылайша қала ұлғайғандықтан 5 ауданның қатарына 6-ші болып Сарайшық қосылды. Осы уақыт ішінде Астана елдің саяси орталығы ғана емес, сондай-ақ білім мен мәдениеттің де ордасына айналды. 31 театр, 30 кітапхана, 5 ірі мұражай, 11 концерттік зал және 24 саябақ бар. Ірілі-кішілі 700-ден астам спорт нысаны тағы салынған. Бұл Астананы Орталық Азиядағы ірі спорт орталығына айналдырды. Әрине, барлығы да тұрғындар мен қала қонақтарының игілігі үшін қызмет көрсетуде. Биыл жер үсті жеңіл рельсті транспорты іске қосылды. Ол "Нұрлы жол" бекеті мен әуежайға дейінгі 22 шақырымды қамтиды. Оған таяуда «Тарлан Астана» атауы берілді.

