Қазақстандық ғалымдар электронды мұрын ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар электронды мұрын ойлап тапты. Бірегей өнертабыс атына заты сай ауаның сапасын немесе белгілі бір жердің ластану деңгейін анықтай алады. Жоба авторлары мұндай жылдам бағалау әдісі қымбат, әрі ұзақмерзімді зертханалық сараптамаларды алмастыруға мүмкіндік беретінін алға тартты. Айтуларынша, заманауи құрылғыны үйде, тіпті кәсіпорын ішінде де қолдануға болады. 3 жыл бойы еңбектенген жобаның алғашқы зертханалық тәжірибелері сәтті аяқталды дейді, өнертабыс иелері.

Төлеген Айдынұлы, жобаның ғылыми қызметкері:

– Ендігі мұның басты идеясы – қазіргі уақытта көптеген лабораторияларда болсын, өрт сөндіру, мұнай болсын, химия зертханаларында көптеген зиянды иістер болады. Ол иістер адамның денсаулығына зиян болуы мүмкін. Сол үшін осы электронды мұрын жасалған болатын. Қазіргі уақытта ол процесс даму үстінде. Зертхана деңгейінде ол мұрынды тестілеп, оқытып жатырмыз.

Жобаның басты ерекшелігі – ол жасанды интеллектке негізделген. Сондықтан, қондырғыны жүзеге асыру үшін нейрондық желілер және машиналық оқыту алгоритмі қолданылады. Ғалымдар отандық бастама шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан болатынын алға тартты. Сондықтан, жоба авторлары электронды мұрынды кең өндіріс жолына қою үшін тиісті дайындық жүргізу үстінде.

Дина Сатыбалдина, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Ақпараттық қауіпсіздік және криптология» ҒЗИ директоры:

– Біз жобаны коммерациаландыру үшін байқауға қатысайын деп жатырмыз. Бір немесе екі бағыт бойынша бақ сынаймыз. Тапсырыс берушілердің қызығушылығы қандай болатынын бағамдаймыз. Алдағы уақытта көрмелерге дайын қондырғымен шығамыз. Сонымен қатар, қандай салаларда жұмыс істей алатынымызды және құрылғыны түрлі мақсатта қолдануға болатынын көрсетеміз. Біздің электронды мұрынның басты ерекшелігі де осы. Ол түрлі мақсаттарда қолданылады. Ол бір жерде қатып қалмайды. Оны қалай бағыттап, қандай тапсырма берсеңіз, сол бойынша жұмыс істейді.

Көп функциялы заманауи құрылғыны экологиялық жағдайды қадағалаудан бастап, өнімнің сапасын анықтау немесе адам денсаулығын бақылау тәрізді әртүрлі салаларда  қолдануға болады.