Газды есепке алудың біріңғай цифрлық жүйесі қалыптасады

Газды есепке алудың біріңғай цифрлық жүйесі қалыптасады

Айына қанша газ жақтыңыз? Мұны енді алыстан есептейтін құрылғы орнатылады. Осылайша, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптаспақ. Мәжіліс бүгін тиісті құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Бұдан бөлек, автогаз құю стансаларына талап күшейеді. Енді жаңадан ашылатындар цистерналарын жердің астына орналастыруы керек.

Зұлқарнай Ермұратұлы, Тілші:

- Енді оператрорлар үй-үйді аралап, газ есептегішті тексеріп жүрмейді. Жүйе цифрландырылып, қашықтықтан есептегіш құрылғылар орнатылады. Айта кетейік, заңға сәйкес, есептегіш құралдарды газ жеткізушілер өз қаражатына ауыстыруға міндеттеледі.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2,1 млн тұтынушының есептегіш құралдарының көрсеткіштері бақылаушылар тарапынан қолмен алынады немесе тұтынушылар есептегіш көрсеткішін фотоға түсіріп, мессенджерлермен жібереді. Абоненттердің бір бөлігі кейде үйінде болмайды немесе есептегіш құралдарға қолжетімділік бермейді, бұл есептің толық әрі нақты жүргізілуіне кедергі келтіреді.

Қазір елімізде көгілдір отын қолданатын 2 млн-ға жуық абонент бар. Соның 100 мыңы ғана онлайн бақылайтын есептегіш құралмен жабдықталған. Ал, ендігі қағида қарапайым. Үнемдесең – ұтасың, артық тұтынсаң – көп төлейсің. Депутаттар бұл талап, азаматтарды газды үнемді пайдалануға ынталандырады деп сенеді. Үкімет осылайша көгілдір отынды үнемдеп, үнемделген ресурстарды өндіріске және әлі газ жетпеген елді-мекендерге бағытталмақ.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысы атап өткендей, тарифтер адал болуы керек. Қанша көп тұтынсаң, сонша көп төлейсің. Осы ретте дифференциалды тәсілді қолдану нәтижесінде түсетін барлық қаражат газ құбырларын жаңартуға және интеллектуалды газ есептегіштерін орнатуға бағытталатын болады.

Айтпақшы, бұдан былай автогаз құю стансаларына қатысты да талап күшейеді. Осы салада кәсібін енді ашайын деп отырған кәсіпкерлер газ сақтау қоймаларын, жердің астында орналастыруға міндетті. Ал, қазір жұмыс жасап жатқандары алдағы 5 жылдың ішінде цистерналарды жер астына түсіруі тиіс.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тағы бір маңызды мәселе - автогаз құю станцияларының қауіпсіздігі ерекше алаңдаушылық туғызады. 3000 автогаз құю станциясының 90 пайызының сыйымдылықтары жер үстінде орналасқан, оның ішінде модульдік станцияларда бар. Дәл осындай станцияларда 2025 жылы Түркістан және Атырау облыстарында жарылыстар орын алып, азаматтардың қаза болуына әкелді.

Бұдан бөлек, заңнамада белгіленбеген орындарда көлік құралдары мен баллондарды газбен толтыруға тыйым салынады. Бұл бірінші кезекше қауіпсіздік үшін керек. Екіншіден газға деген тапшылықты болдырмау үшін қолға алынып отыр. Яғни мақсат – әділ баға, нақты есеп және жауапты тұтыну.

Автор: Зұлқарнай Ермұратұлы