Қазақстанда алғашқы әмбебап әуе ангары ашылды
Жезқазғанда әуе техникасына арналған Қазақстандағы алғашқы әмбебап ангар пайдалануға берілді. Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі нысанда әуе техникаларына қызмет көрсетіледі. Заман талабына сай жабдықталған ғимарат құрылысы «Қазақмыс» корпорациясының қаржысына салынды.
Жезқазған әуежайында ашылған ангар ішінде жылыту, желдету, өрт сөндіру және энергиямен қамтамасыз ету жүйелері орнатылған. Сондай-ақ инженер-техникалық қызметкерлер мен ұшқыштарға арналған жұмыс және демалыс бөлмелері қарастырылған. Нысан аумағында ұшу алдындағы дайындық алаңы, қойма және оқу-жаттығу секторы да бар.
Нұрахмет Нуриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
– Құтқарушы мамандығының мәртебесін асқақтату жолында ауқымды жұмыс атқарылуда. Осы бағытта біз, әлеуметке бағдарланған компания ретінде қолдау көрсету туралы шешім қабылдадық. Осы жылдың жазында облысымызға жаңа тікұшақ келді, бұл шалғай ауылдардағы біршама адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Біз министрлікпен өзара меморандум жасасып, сол тікұшақты орналастыруға арналған ангар құрылысын бастап кеттік. Бастысы сала мамандарының жоғары дайындығы мен тиісті жабдықталуы маңызды.
Шара барысында сала қызметкерлері ерен еңбектері үшін ведомстволық төсбелгімен марапатталды.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Бұл біз үшін көптен күткен сәт. Бір жыл бұрын осында төтенше жағдай туындаса Астанаға заявка беріп, тікұшақты күтетін. Техника үш сағат ұшады. Сосын осында керосин құяды. Экипаж жергілікті жерді білмейді. Осылайша уақыт жоғалтады. Біздің құтқару саласында уақыт жоғалтуға болмайды. Авиацияның тікелей өңірде болғаны жылдамдықты, жедел қызмет көрсетуімізді жоғарылатады деген сенімдемін.
Есен Байыров, Ұлытау облысы ТЖД бастығы:
- Мұның аумағы 980 квадрат метрді алып тұр. Мұның ішінде заманауи админстративный комнаталары бар және ішінде 2 тоннаны көтеретін краны бар. Бұл кран әуежай жұмыстарын жақсартуға негізделген. Бұл әуежайдың ашылуы халыққа қызмет ету. Бірінші құтқару қызметін жүргізеді. Медициналық көмек көрсетеді және адамдарды қалып қойған жерден жедел жеткізу.
Мұнда тұрған техникалар өрт сөндіру, медициналық көмек көрсету және іздестіру-құтқару операцияларында қолданылады. Жаңа нысан болашақ авиациялық бөлімше құрамының дайындығын арттырып, тек Ұлытау облысында ғана емес, көршілес аймақтарда да кез келген төтенше жағдайда жедел көмек көрсетуге сеп болмақ.
Автор: Алтынгүл Мәжікен

