Қазақстан ғылымындағы әйелдердің үлесі 50% асты

Қазақстанда ғалым әйелдердің саны артып келеді. Бүгінгі таңда олар еліміздің ғылыми қауымдастығының жартысынан астамын құрайды. Яғни, шамамен 10 мыңнан астам зерттеуші нәзік жанды отандық ғылымның отын жағып жүр. Бұл қатарда ғылым кандидаттары мен докторлары, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік, гуманитарлық, жаратылыстану, ауылшаруашылық салаларындағы ғылыми қызметкерлер бар. Технологиялық бағытта да іргелі зерттеулер жасап жүрген бұрымдылар аз емес.  Олардың бірі – ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғылыми қызметкері, Назарбаев университетінің докторанты Жанат Мақатаева. Оның еңбектері адамның есте сақтау қабілетін жақсартуды көздейді. Бірегей жобалары қосымша шынайылық пен жасанды ақыл-ой мүмкіндіктеріне негізделген.  

Жанат Мақатаева, Nu Issai зертханасының ғылыми қызметкері:

-Негізгі мақсат жасанды интеллект пен виртуалды шындықты өзара үйлестіру. Өйткені бұл қазіргі таңда қарқынды түрде дамып келетін технологиялар. Олардың қосындысы керемет нәтижелер береді. Біздің зертхана адамның қайда жүргені мен көргенін есте сақтайтын XMM деп аталған жад көмекшісін жасау үшін осы екі технологияны біріктіре алған алғашқылардың бірі болып табылады.

Қазақстанда ғалым әйелдердің үштен бірі төл өнертабыстарын ойлап табумен қатар тың технологиялық шешімдерін коммерцияландыруға қол жеткізеді. Ел бойынша 150 астам әзірлеме нарыққа шықты. Әрбірі шамамен 350 млн теңгеге дейін гранттық қолдауға ие болған. Сондай-ақ патент алған, ғылыми жобалар, қауымдастықтар мен түрлі ғылыми ұйымдарды бастайтын өнертапқыштар арасында да нәзік жандылардың қарасы қалың. Бұл ретте елдің Ғылым қоры басшысының орынбасары Әлия Сембаеваны айтпасқа  болмайды. Бұған дейін ол Ұлыбританиядағы Қазақстан PhD қауымдастығының бірінші президенті қызметін атқарған.

 

Әлия Сембаева, ҚР Ғылым қоры Басқармасы төрағасының орынбасары:

-Қазір ғылым саласында әйелдер үшін мол мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Әрине бұл жауапкершілікті қажет ететін іс. Бірақ маңызды мәселелерді шешу үшін батылдық қажет. Еш нәрседен тайынбайтын ер мінездік таныту керек. Жалпы қазіргі таңда ғылымммен айналысу үшін ешқандай кедергілер көріп тұрғаным жоқ.