V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1000 ерікті тартылады

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 1000 ерікті тартылады. Қазақстанда бұған ниетті белсенділерді іріктеу басталды. Жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Үміткерлердің тілдерді жетік меңгеруі, ұлттық спорттан және төл мәдениеттен хабардар болуына басты мән беріледі. Еріктілер спортшыларды күтіп алуға, оларды қонақ үйлерге орналастыруға, делегаттарды алып жүруге қолғабыс ететін болады. Ұйымдастырушылар бар талапқа жауап беретін жастарды саралауда еш қиындық тумайтынына сенімді. Себебі Қазақстанда волонтерлік қозғалыс кең етек жайған. Тіпті бұл шараға атсалысуға шетелдердің де еріктілері құлшыныс танытып жатқан көрінеді. Бүгінде Азия мен Еуропаның бірқатар мемлекетінен өтінімдер түскен. Бұл ретте айта кетерлігі өтінімдер оффлайн және онлайн түрде де қабылданады.    

Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясы басшысының орынбасары:

- Бірінші этап ол сауалнама толтыру, одан кейін біз әрбір еріктімен сұхбат жүргізетін боламыз. Сұхбат кезінде біз әрбір еріктімен сөйлесе отырып, оның қасиет қабілеттеріне қарап, қай бағытта жұмыс жасайтынын белгілеп алатын боламыз. Одан кейін әрине іріктеп алған соң олардмен оқу дайындау жұмыстарын жүргіземіз міндетті түрде. Ең соңғы кезеңде біз әрбір еріктімен келісім-шартқа қол қоятын боламыз.

Еске сала кетейік, Астанада қыркүйектің 8 мен 14 аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Төрткүл дүниені біріктіретін жарысқа биыл әлемнің 100 астам елінен 4000 мыңға жуық спортшы қатысады. Дүбірлі додада дала ойындарының 20 түрінен жарыстар және ұлттық өнердің 10 түрінен байқаулар ұйымдастырылады. Елордадағы тартысты шараны қызықтауға 100 мыңға тарта отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде.