2024 жылы Қытайда Қазақстанның ТОП-20 туристік орны таныстырылады

2024 жылы аспан асты елінің 7 бірдей  ірі қаласында ТОП-20 отандық туристік орын таныстырылады. Ол биыл Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында өтпек. Сондай-ақ бұл бағытта көрші мемлекетте жыл бойы өзгеде танымдық іс-шаралар жоспарланған. Тараптар арнайы жоспар бекітті. Оның шеңберінде экологиялық, медициналық, агро, қала, MICE және ғарыштық саяхат бойынша тақырыптық жиындар өткізу көзделіп отыр.   

Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:

– Осы бағыт бойынша биыл көп шаралар өткіземіз. Олардың барлығы республикалық органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлығы 20 астам түрлі іс-шара өткізетін боламыз. Қытай елінде және өзімізде. Сонымен қатар, наурыз айында осы жылды салтанатты ашуды жоспарлап отырмыз.  

Есесіне екі жақты барыс-келіс жағы артуда. Мәселен, Қазақстанға саяхаттап келетін қытайлық азаматтардың саны 12 есеге артқан. Бұл былтыр қарашадан бері өзара визасыз тәртіптің енгізілуімен тікелей байланысты дейді, сала мамандары. 

Мәселен, 2022 жылы аспан асты елінен 18 мың адам Қазақстанды қызықтаса, қазір бұл көрсеткіш 217 мыңға жеткен. Бұл ретте үндістандық туристердің ағыны да үш есеге артқанын айта кету керек. Оған да екі жақты 14 күнге дейінгі визасыз режим өз септігін тигізген. Атап айтқанда, 2022 жылы 28 мың,  ал былтыр 78 мың Үнді елінің азаматы елімізге табан тіреген.