2 жылда 1 300 шаршы метр тұрғын үй бой көтерді
Батыс Қазақстан облысында 2 жылда
1 300 шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Биыл да құрылыс қарқынды, өңірде 1
жарым мыңдай пәтер пайдалануға беріледі. Барлық аудан орталығы дене
шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Салтанатты іс-шарада осы және өзге
де іргелі істерді атап өткен аймақ басшысы Нариман Төреғалиев құрыш білек
құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
Құрылыс – ел дамуының
темірқазығы. Халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық игілік –
сала мамандарының маңдай тері мен табанды еңбегінің нәтижесі. Бір ғана мысал,
кейінгі 2 жылда өңірде 22 мектеп пайдалануға берілді. Ал «Келешек мектептері»
ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін тағы 6 мектеп ашылады. «Ауылда денсаулық
сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары 36, ал биыл 13
медициналық нысан салынды. Елуінші нысанның құрылысы аяқтала келді. Облыс әкімі
өңірдің өсіп-өркендеуі жолында еңбегі ерен құрылысшыларға ризашылығын білдіріп,
алғысын айтты.
Нариман Төреғалиев, Батыс
Қазақстан облысының әкімі:
- 2025 жылдың елімізде «Жұмысшылар
жылы» деп жариялануы – қарапайым еңбек адамдарына, оның ішінде құрылыс саласы
қызметкерлеріне көрсетілген үлкен құрмет пен жоғары бағалау деп білеміз.
Бүгінгі мереке – жай ғана кәсіби мейрам емес. Бұл – қиындықпен шыңдалған
еңбектің, табандылық пен төзімнің салтанаты. Сіздердің еңбектеріңіз – ел
дамуының берік іргетасы. Ендеше, осы биік жауапкершілік пен мамандыққа деген
адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін!
Салтанатты жиында «Ерен еңбегі
үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы»,
«Қазақстанның құрметті сәулетшісі» төсбелгілері табысталды. Салада 40 жылдық
тәжірибесі бар Болат Сралиев те марапат иелерінің қатарынан табылды. Өңірдегі
түрлі әлеуметтік нысандардың құрылысында оның қомақты қолтаңбасы бар. Аға буын
өкілі бүгінде білгенімен бөлісіп, ізбасарларына бағыт-бағдар беріп келеді.
Болат Сралиев, «Отделстрой» ЖШС материалдық-техникалық
қамтамасыз ету бойынша басшысы:
- Жастай күнімнен келдім. Содан
бүгінге дейін істеп келе жатырмын. 40 жыл еңбек еттім осы салада. Өте көп
қиындықтар да болды. Қиындықсыз болмайды. Оған төзімділік керек. Жақсы мінез
керек. Шыдамдылық керек. Сонда ғана еңбегің ақталады. Орындалады екен. Мен
соған куә болдым. Қазір құрылыс мамандығына жастар көптеп келіп жатыр, оқу
орындарын бітіріп. Соларды тәрбиелеп,
түсіндіріп айтамыз. Айналайын, «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,
деген мақалды білесіз ғой, сол сияқты.
Жоғары кәсібилігімен, адал
еңбегімен танылған бір топ азаматқа Үкімет басшысы Олжас Бектенов және оның
бірінші орынбасары Роман Склярдың алғыс хаттары табысталды. Құрылысшылар
көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.
Асқар Қошанов, «Болашақ-Т» ЖШС бас
директоры:
- Баршаңыздың дендеріңізге саулық,
отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс, толағай табыс тілеймін! Еліміз
тыныш, аспанымыз ашық болсын! Өзіміздің елімізді көркейтуге зор үлес қосайық.
Облыс әкімі былтырғы тасқын
салдарын жоюға да құрылыс компаниялары белсене араласқанын атап өтті. Келешекте
де сапалы қызмет етуге шақырып, жаңа жобаларға сәттілік тіледі.

