«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Киелі мекен» апталығы басталды

Қызылордалықтар «Таза Қазақстан» республикалық акциясына белсене қатысуда. «Киелі мекен» апталығы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен өлкетану мұражайларының аумағы абаттандырылып, аумағы тазартылды.

Сыр тасын түртсең, тарихы сөйлейтін киелі мекен. Бүгінде өңірде мемлекет қорғауына алынған 600 жуық мәдени-тарихи ескерткіш бар. Облыс тұрғындары көктем келісімен, осы жерлерге барып, тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Мәселен, Қармақшы тұрғындары түркі жұртына ортақ Қорқыт ата кешенінің маңын абаттандырса, Қазалы жұрты Жанқожа батыр кесенесі, Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі, Оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығы мен Бегім ана мұнарасының маңында тазалық шарасын қолға алды.