Жауапсыз мердігерлер жазаланады
Елімізде сапасыз жол
салған мердігерлер жазалануы мүмкін. Бүгін сенаторлар Үкімет сағатында осындай
бастама көтерді. Жиында сапаны жақсарту мәселелері жан-жақты талқылады.
Қаржы құйылып жатыр,
бірақ нәтиже көпшілік күткендей емес. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі
жергілікті маңызы бар жолдардың 89%-і нормативке сай. Алайда аймақтар
арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Мәселен, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш
99% болса, Батыс Қазақстанда небәрі 56%. Қағаздағы көрсеткіштер тура
болмағасын, әрі қарайғы жұмысты жоспарлау да қиын. Сондықтан сенаторлар
жөндеуді қажет ететін жолдарды дер кезінде анықтау үшін арнайы диагностика
жүргізіп, бірыңғай деректер базасын құруды қолдады.
Жол сапасына тікелей
әсер ететін негізгі факторлардың бірі техникалық қадағалаудың әлсіздігі. Соңғы
бес жылда 500-ден астам нысанда техқадағалау мүлде болмаған. Ал бірер жыл бұрын
тіпті бір инженердің бір мезетте Қазақстан бойынша бес жобада жүруінің 130
жағдайы тіркеліпті. Бұл айналып келгенде сапаның күрт төмендеуіне себеп. Әрі
жол төсемін бұзатын ауыр жүк көліктерінің салмағына қатысты нақты бір норма да
болмай тұр.
Жол салу үшін аса
қажет битумның жетіспеушілігі де жыл сайын қайталанып келеді. Сонымен қатар,
құрылыс материалдарының қымбаттауы да жобалардың іске асуына кері әсер етіп
отыр дейді, Қазақстан автожолшылар қауымдастығының президенті.
Ал аталған
мәселелердің шешімін Көлік министрлігі былай көреді екен: Ең бірінші,
жергілікті жолдардың нақты жағдайын анықтау үшін толық диагностика мен
паспорттауды енгізу қажет. Қадағалау қызметтерінің жауапкершілігін заңнамамен
күшейтіп, бұл функцияны Көлік министрлігіне қайтару ұсынылды. Ауыр жүк
көліктеріне заңнамалық шектеу енгізіп, автоматтандырылған өлшеу станцияларын
кеңейту де маңызды. Битумды маусымаралық кезеңде сатып алу және сақтау
қоймаларын салу – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар, жол сапасына қатысты
нормативтік базаны жаңарту құзыретін Автожол комитетіне беру және сапа
қорытындысы ескерілмеген нысандарды пайдалануға тыйым салу қажет.
Жалпы транзиттік
дәліздердің жүрегінде орналасқан еліміз үшін жол саласы келешекте экономиканы
әртараптандыруда маңызды рөл ойнамақ. Сондықтан бүгіннен қазынада бар қаржыны
дұрыс бағыттап, бақылау мен жоспарлау жүйесін жетілдіру маңызды. Бүгінгі
жиынның түйіні де осы болды.

