Астанада биологиядан халықаралық олипиада өтеді

Астанада биологиядан халықаралық олипиада өтеді

Қазақстан биологиядан ең беделді «IBO-2024 халықаралық олимпиадасын» ұйымдастырады. Жаратылыстану ғылымдары бағытындағы жаһандық білім додасы биыл Астанада 7-14 шілде аралығында өтеді. Елорда әлемнің 80 елінен 350 жуық талантты оқушының басын қосады. Бұл жөнінде елдің оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.

Осы жолы да олимпиада дәстүрге сай теориялық және тәжірибелік турлардан тұрады. Сайыс тапсырмалары биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы саласын қамтиды. Тапсырмаларды әзірлеу үшін қазақстандық биологтар мен ғалымдар қатарынан халықаралық ғылыми комитеті құрылды. Қазір тәжірибелік кезеңге арналған барлық тапсырмалар әзір. Енді олардың сапасын тексеру үшін шет елдердің білікті мамандары тартылады. Сонымен қатар олимпиада барысында қазақстандық педогогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сабақтары, олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі.

Қаныбек Жұмашев, ҚР Оқу-ағарту Министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы:

- Қазақстанның мұндай беделді олимпиаданы өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Бұған қазақстандық оқушылардың халықаралық білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетуінің арқасында еліміздің зор беделге ие болуы себеп болды. Олимпиаданы ұйымдастыруға және өткізуге дайындық өткен жылдан бері басталды. Олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуде Ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат, ішкі істер және т.б. салалық министрліктермен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Осы орайда бірлескен бұйрық дайындалды.

Жалпы, Қазақстан құрамасы IBO додаларына 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Нәтижесінде 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль жеңіп алды. Ал былтыр елдің дарынды шәкірттері 26 халықаралық олимпиадаға қатысып, 580 медаль еншіледі. 7 ең беделді халықаралық олимпиадаларда білімдерін сынаған 31 оқушының 23 жеңімпаздар қатарынан көрінді.