Алакөлді қорғауға 3 млрд теңге бөлінді

Алакөлді қорғауға 3 млрд теңге бөлінді

Үкімет Алакөл жағасын қорғау үшін бөгет салуға 3 млрд теңге бөлді. Бұл Президенттің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілген жұмыс. Қаражат Үкімет резервінен Жетісу облысының әкімдігіне аударылмақ. Тиісті қаулыға Премьер-министр қол қойған. Сонымен, бөлінген қаражат 6 шақырым қорғаныс бөгетін салуға жұмсалмақ. Оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылына, 3,5 шақырымы Ақши ауылына тиесілі болады. Бұған дейін 2025 жылы 2 шақырым учаскеде нығайту, жер қазу, бетон құю жұмыстары жүргізіліп, габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған. Жалпы алғанда, құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 25%-ы орындалған. Осылайша аймақтағы туризм үлкен қолдау алмақ. Соңғы екі жыл ішінде Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар сияқты алты өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен құрылыстары салынып, нығайтылған.