Қазақтың тазысы халықаралық деңгейде танылуы мүмкін

Құмай тазы жаһан деңгейінде танылуы мүмкін. Қазір Халықаралық кинология федерациясы тазыны қазақтың иті, әрі бөлек тұқым деп мойындауы үшін қарқынды жұмыс атқарылуда. Осыған орай, Қазақстан кинологтар одағы еліміздің бүкіл өңірінен тазыларды жинап, оларға тегін медициналық тексеріс жүргізуде. Оның нәтижесі халықаралық федерацияға ұсынылады.

Кейін сарапшылар жеті қазынаның бірін антропометриялық және генетикалық сипаттамаларына қарай шешім шығарады. Отандық мамандардың сөзінше, медициналық тексеріс нәтижесі жақсы.

Тазыға ұқсас тұқымдар әлемде жеткілікті. Десе де, олардың ешқайсысы күші, ептілігі, жылдамдығы және шыдамдылығы жағынан тазыға жете қоймайды. Енді, осы жайтты мойындап, тану үшін көктемде Астанаға халықаралық комиссия келеді.

Бауырхан Серікқали, Қазақстан Кинологтар Одағының президенті:

Мамыр айының 25-26 жұлдызында Экспоның территориясында халықаралық көрме жасаймыз. Көрме шеңберінде тазыға арналған моно тұқымды көрме өтеді. Сол көрмеде арнайы комиссия өзінің жұмысын атқарады. Басты талап осы. Жұмысты атқарғаннан кейін комиссия өз нәтижесін жазады. Ол нәтиженің негізінде Халықаралық Кинология Федерациясы тиісті шешім қабылдайды.