Қостанай аумағында тағы бір АЭС салынуы мүмкін
Болашақта
Қостанай аумағында тағы бір атом электр стансасы салынуы мүмкін. Бұл туралы
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ақордада
жүрген кезде журналистер сұрағына жауап беру барысында айтты. Сөзіне қарағанда,
бұл 4 атом электр стансасы болмақ. Қазіргі мамандар келешегі бар аймақтарды
зерттеп жатыр. Болжамды энергетикалық теңгерім, экологиялық және сейсмикалық
қауіпсіздік талаптары тұрғысынан Қазақстанда атом энергетикасы үшін бірнеше
бірегей алаң бар көрінеді. Біріншісі – Балқаш маңы алаңы. Онда 6 ірі
энергетикалық блокқа дейін салуға мүмкіндік бар. Қазір құрылыстың алды
басталған. Ал Курчатов маңайы шағын және орта қуатты атом реакторларын дамыту
үшін ыңғайлы екен. Бұдан бөлек, Алмасадам Сәтқалиев Батыс Қазақстан аумағы да
АЭС құрылысы үшін лайықты орындардың бірі екенін айтты. Бұл өңірде
энергетикалық қондырғы жұмыс істеп, тек электр энергиясын ғана өндіріп қоймай,
жылу, суды ысыту және суды тұщыту үшін пайдаланылатын болады.
Алмасадам
Сәтқалиев, Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы:
- Дегенмен
Қазақстанда басқа да алаңдар бар. Қазіргі уақытта оларды зерттеп жатырмыз.
Энергия балансына байланысты мүмкін енді 20-30 жылдан кейін Қостанай алаңы
қарастырылуы мүмкін. Ол жер де Қазақстандағы атом стансасы құрылысы үшін
болашағы бар орын бола алады.

