Айыппұлдар кешірілуі мүмкін
Көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әкімшілік айыппұлдары кешірілуі мүмкін. Бұл туралы сенатор Марат Қожаев Үкімет кулуарында айтты. Оның сөзінше, қазір жеңілдікке ие болатын азаматтардың санаттары нақтыланып жатыр. Дегенмен тізім әлі бекітілмеген. Белгілісі - әкімшілік амнистия аясында айыппұлдар толық немесе ішінара кешіріледі. Алайда ол тізімге ауыр қылмыс жасағандар ілікпейді. Айта кетейік, рақымшылық Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жасалады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті ведомстволарға екі апта ішінде нақты ұсыныстар дайындауды тапсырған. Бұл - еліміздегі алғашқы әкімшілік амнистия болмақ. Бұған дейін Қазақстанда тек қылмыстық амнистиялар жүргізілген еді. Оның аясында 2 мыңнан астам адам босатылып, 11 мың сотталушының жаза мерзімі қысқарған.
Марат Қожаев, ҚР Парламенты Сенатының депутаты:
- Әкімшілік рақымшылық алғаш рет өткелі отыр. Елімізде әкімшілік әділетке қатысатын 70 субъект бар. Менің білуімше, қазір барлық тараптан ұсыныстар жинақталып жатыр. Талқылаулар барысында рақымшылыққа ең алдымен халықтың әлеуеттік осал тобы ілігуі керек деген ұсыныстарды естіп жатырмын. Олар еңбек, соғыс ардагерлері, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтар, көпбалалы отбасылар және басқалары.

