Костенко шахтасындағы апатқа қатысты сот басталды
Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасына қатысты сот процесі басталды. Айыпталушылар тарапында – 10 адам. Олардың барлығы – кеніш басшылары мен инженерлік-техникалық қызметкерлер. Күдіктілерге тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу айыбы тағылған. Бұл бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық іс материалдары 106 томнан тұрады. Еске салайық, Костенко атындағы шахтадағы жарылыс 2023 жылғы 28 қазанда болды. Апат кезінде шахтада 252 адам жұмыс істеп жатты. Трагедия салдарынан 46 кенші қаза тапты.

