Қазақ- армян қатынасы стратегиялық деңгейге көтерілді

Қазақ- армян қатынасы стратегиялық деңгейге көтерілді

Қазақстан Арменияға 350 млн доллардың тауарын жіберуге дайын. Бүгін екі елдің үкіметі алдағы 4 жылдың жол картасын бекітті. Қос мемлекет құпия құжаттармен ғана емес, ақпараттық технологиялармен, тіпті студенттермен алмасады. Астана мен Ереванда дипломатиялық ғимарат салынады. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлеске мәлімдеме қабылдап, осындай 15 шақты құжатқа қол қойылды. Армения Премьер-министрі «Қазақстан бізге үшін өте жақсы үлгі», - деді. Гүлжазира Ғалиқызы тарқатады.


Астанаға келгенін азанымен әлеуметтік желіге салып, әлемге әйгілеген Армения басшысы түске таман Ақорданың алдына келді. Бас сарайға бас киіммен кіре жаздағаны болмаса, ресми рәсімнің әдебін сақтаған. Қарсы алған қазақ Президентіне ілтипат білдіріп, ертіп келген делигациясын таныстырды. Рәсімге сай мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетті.


Бұл Никол Пашинянның Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Былтыр қазан айында президент Ваагн Хачатурян келген. Армения - Парламенттік республика. Сондықтан бүкіл саяси-экономикалық билік тетігі премьер-министрдің қолында.    


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Аса құрметті Никол Воваевич, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі елдің стратегиялық серіктестік деңгейіндегі қарым-қатынасының дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз.


Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-Министрі:

- Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Сіздің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарыңыздан бастау алды. Соның нәтижесінде маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның кейбірі жүзеге асырылды, қалған бөлігі орындалу үстінде. Қазақстанға ресми сапармен келу – мен үшін зор мәртебе!


Армения тиіп тұрған мемлекет емес. Арада Каспий мен Әзербайжан жатыр. Соның өзінде соңғы бес жылда алыс-беріс алты есе өскен.


Біз оларға металл, ферроқорытпа секілді шикізаттан гөрі, темекі өнімдерін, шашқа арналған сусабындарды көп саудалаппыз.  Экспорттың 50 пайызы осы өнімдердердің үлесі. Қазақтың айран, йогуртына, шошқа етіне, аккумуляторлар мен косметиканың түр-түріне сұраныс жоғары. Ал біз Армениядан арақ-шарап қана емес, зергерлік бұйымдар, алтын, күміс сияқты бағалы металдар аламыз. Осы тауарларды жөнелту де, әкелу де оңай емес. Кешеге дейін Әзербайжанды айналып, Грузия арқылы жеткізіп келдік.


Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

- Арменияға жүк жеткізу мәселесі осы Ақордада шешілген болатын. Тура бір ай бұрын Әзербайжан президенті елімізге мемлекеттік сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқева пен Ильхам Әлиев көлік логистикасын кеңейту жайын көп кеңесіп, нәтижесінде Әзербайжан Армения арқылы өтетін жүк транзитіне қойылған тосқауылдарды алып тастады.


Осылайша Қазақстан Әзербайжан шекарасы арқылы Арменияға 15 вагон бидай жіберді. Жаңа транзиттік бағыт отандық астық экспортының географиясын кеңейтеді. Кавказ елдері арасында үзіліп қалған көлік қатынастарын қайта жандандырады. Армения Қазақстанды көктей өтетін «Орта дәліздің» бір тармағына айналса, Иран мен Парсы шығанағына тағы жол ашылады. 


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді.


Армения импортқа тәуелді ел. Ал, Қазақстан тауар түрлерін көбейтіп, жыл сайын 350 млн доллардың жүгін жеткізіп беруге дайын. Жаңадан құрылған екі елдің іскерлік кеңесі осы  істі пысықтауы тиіс.


Никол Пашинян, Армения Республикасының Премьер-Министрі:

- Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз.Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін. 


Астана мен Ераван арасында әуе рейсі ашылуы мүмкін. Өйткені екі елдің көші-қон мәселесі реттелген. Қазақстандықтар Арменияға төлқұжатсыз, жеке куәлікпен бара алады. 30 күн тіркеусіз жүре алады. Визасыз 3 ай тұра алады. Бірақ әуе қатынасын орнатуға бір ғана кедергі бар,- дейді Серік Жұманғарин.


Серік Жұманғарин, Қр Премьер-Министрінің орынбасары- Ұлттық экономика министрі:

- Тарифтер өте жоғары. Бір адамға 65 доллар, бір тонна авиакеросин 1248 долларға жетеді. Сондықтан әлі талқылап жатырмыз.


Қазақстан мен Армения университеттері студент алмасатын болды. Екі елдің министрлері осындай келісімге қол қойды. Мәдениет саласында да мәмле жасалды. Армян архивтерінде қыпшақ тарихына қатысты құнды құжаттар мен  қолжазбалар сақталған. Тіпті кеңес одағы сахнасында өнер көрсеткен қазақтың әнші-бишілерінің бейнежазбасы телерадио мұрағаттарынан табылыпты. 


Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы министрі:


- 70-80 жылдардағы артистарымыздың бейнежазбалеры сақталмаған. Бейнесін жазылмаған. Телеақпарат саласында жұмыс істейтін азаматтар соны жасаған.  Мысалы Роза Рымбаеваның бейнесі бар. Керемет қой.


Пашинян қылыштың жүзіндей қылпылдап тұрғын қиын кезеңде ел билігін қолына алды. Ұзақ жылдарға созылған шекарадағы шиді шешіп, халқын ішкі-сыртқы дағдарыстан құтарып қалды. Вашингтонға барып, Әзербайжанмен бейбіт келісімге келді. Қос көршінің арасындағы кикілжіңді шешуге Қазақстан да ара ағайын болды,- деді армян басшысы.


Никол Пашинян- Армения Республикасының Премьер-Министрі:


- Қазақстан – біз үшін өте маңызды ел. Өйткені сын сәтінде Армения мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесті. Бұл біз үшін өте маңызды болатын. Армения мен Әзербайжандағы бейбітшіліктің Алматы декларациясына негізделетіні баршаға мәлім.

Қасым Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның  күрделі геосаяси кезеңдегі батылдығы мен тарихи еңбегін жоғары бағалайды. Қазақ-армян қарым-қатынасына қосқан үлесі де зор. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.