Қ.Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қ.Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Бішкекте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев  ұйым жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтті. Бұл шешім оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды. Қазақстанның көшбасшысы туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты әріптестік аясын нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамы ТМД мемлекеттерімен жасалды. Бұл оң динамика биыл да сақталып отыр. Қазақстанның сауда айналымы 7 айда 4,5 пайызға өсіп, 20,5  миллиард долларды құрады. Біз сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалануымыз қажет.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт ТоқаевТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының пікірінше, елдер арасындағы сауда кедергілерін жоюға, қолайлы тарифтік жағдайлар жасауға және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Президенті 2024 жылы Ресейдің ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президентін ТМД-ның Құрмет белгісімен марапаттау туралы Қырғызстанның бастамасын құптады.