Қазақстан Президенті мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі ынтымақтастық аясын талқылады

Қазақстан Президенті мен Өзбекстанның Сыртқы істер министрі ынтымақтастық аясын талқылады

Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту ісіне атсалысу Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастық аясын кеңейте түседі. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдің сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен кездесуінде айтты. Мемлекет басшысы қазақ-өзбек қарым-қатынасы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.  

 

Президент бауырлас елдің бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелерін де  талқылады. Кездесуде елдердің дамуына тың серпін беретін жаңа бағыттарды қарастыру және екіжақты тауар айналымын арттыру маңызы сөз болды. Бұған «Дарбаза-Мақтаарал» жаңа теміржол желісі ықпал етпек.  Бұл жолды одан әрі Өзбекстан шекарасына жеткізу көзделіп отыр. Өз кезегінде сыртқы істер ведомствосының басшысы Бахтиёр Саидов құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Өзбекстан Президентінің ізгі тілегін жеткізді. Бұдан бөлек, жоспарланған кездесулер мен іс-шаралар кестесі қарастырылды.