Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Су тапшылығы және суармалы судың жетіспеушілігі. Жаһандық климаттық өзгерістер Орталық Азияның қауіпсіздігіне қаншалықты қатер төндіріп тұр? Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтерілуде. Бұл мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 процентке азайған. 2050 жылға қарай аймақтағы қуаңшылық 5 миллионға жуық «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болмақ. Мәселелерді жылдам әрі бірігіп шешу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мемлекеттеріміз су саясатын қалыптастыру кезінде судың шектеулі табиғи ресурс екенін ескеруге тиіс деп санаймын. Себебі бүкіл аймақтың әл-ауқаты мен тұрақты дамуы суға тікелей байланысты. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы суды барынша үнемдеу мәселесі – өте өзекті. Бұл біздің су ресурстары жөніндегі ынтымақтастығымыздың негізгі бағыты бола алады.

1 қаңтардан бастап Қорға төрағалық 3 жылға Қазақстанға өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның алдағы жұмысы туралы өз ойымен бөлісті. Шаралар тиімділікті арттыруға және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді. Халықаралық Аралды құтқару қорының жұмыс органдарын ұйымға мүше елдер бойынша біркелкі бөлу және Орталық Азияның барлық мемлекетінің өкілдері арасынан олардың қызметкерлерін жасақтау мәселесін пысықтау қажет. 

Аймақ елдерінің су мәселесі бойынша ынтымақтастығы өз тиімділігін дәлелдеп үлгерді. 30 жыл ішінде Халықаралық қор трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды. Душанбедегі отырыс қорытындысы бойынша 4 құжатқа қол қойылды, оның біреуі құжат Халықаралық қордың құқықтық базасын жетілдіруге қатысты.