Мемлекеттік мекемелер Президент тапсырмасын орындауды бастап кетті

Мемлекеттік мекемелер Президент тапсырмасын орындауды бастап кетті

Еліміздің өңірлерінде сұйытылған газ, бензин және дизель отынының шекті бағасы өткен жылғы деңгейден аспауы тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жақын арада Қазақстанда жанар-жағармай бағасы 180 күн мерзімінде мемлекеттік реттеуді енгізу бойынша, тиісті нормативтік акт қабылданатынын атап өтті. Қазіргі министрлер кабинетіне сұйытылған газ бойынша аукциондарды ұйымдастыру және өткізу ережелерін әзірлеу тапсырылды. Ал электронды сауда алаңы арқылы жанармай сатуға толық көшу бір жылға ауыстырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 20 күн ішінде «көгілдір отынды» сатудың баға келісіміне толықтай тексеру жүргізеді. Газ саласын дамытудың кешенді жоспары да пысықталып, Маңғыстау облысындағы зауыт құрылысын жүргізу бойынша мемлекеттік сараптамадан өту жеделдетіледі. Әлихан Смайылов Елбасы жүктеген әрбір тапсырманың нақты шарттарын айтып берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы:

- ҚР Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауды күшейтсін. Одан бөлек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет ақысын көтеруге уақытша мораторий енгізуді қолға алсын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау мәселесін пысықтап, Үкіметке ұсыныстар енгізуі тиіс. ҚР Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жеке тұлғалардың ҚР Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды қамтамасыз етсін.