Президент халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Мемлекет басшысы БҰҰ құрамында Халықаралық
су ұйымын құруды ұсынды. Су тапшылығы төрткүл дүниеге түгел ортақ проблемаға
айналды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, жаһандық су дипломатиясын
дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастық болуы тиіс. Бұдан бөлек,
трансшекаралық суды пайдалану, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан
экологиялық проблемаларға назар аударды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің пікірімізше, өзара
мәмілеге негізделген бірлескен әрекеттер арқылы Халықаралық Аралды құтқару
қорының тиімділігін арттыруға болады. Ресей Қор жұмысына байқаушы ретінде
атсалысса, бұл іске септігін тигізер еді. Каспий теңізі қазіргідей тартыла
берсе, бұл қауіпті құбылыстың экологиялық, әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси
салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан Каспий экожүйесінің бұзылуы мен теңіздің
тартылуының алдын алуға бағытталған арнайы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу
туралы бастама көтерді. Барша әлемдік қоғамдастықты осы бірегей су айдынын
сақтап қалу жолындағы күш-жігерімізді қолдауға шақырамыз.

