Президент авиахабтардың дамуын тежеген министрлерді сынады
Президент Көлік министрлігінің жұмысын сынға алды. Ведомство авиация саласында қордаланған мәселелерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжаттарды қабылдай алмай отыр. Соның салдарынан әуе хабтарының әлеуеті толық пайдаланылмай жатыр деді мемлекет басшысы. Әсіресе, салада кәсіби мамандар мен жүк тасымалдайтын ұшақтар, авиаотын тапшы. Әуежайлардың инфрақұрылымы транзиттік торап ретінде бәсекеге сай емес. Карго-трафиктің қосымша құны төмен. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана аялдайды. Бұл мәселелерді шешу жолдары Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңесте талқыланды. Енді авиаотын проблемасы алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру арқылы шешіледі. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институты және отынды сертификаттау зертханасы ашылады. Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясы құрылады. Мультимодальдық логистиканы дамыту үшін Үкімет алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жоспарын әзірлейді. Авиация саласын цифрландыруға баса назар аударылады. Кәсіби мамандар даярлау мәселесі халықаралық білім-ғылым мекемелері арқылы шешімін табады. Қасым-Жомарт Тоқаев мамандардың біліктілігін арттыратын құзырет орталықтарын құрудыды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жолдарының түйіскен тұсында
орналасқан. Біз осы ерекшелігімізді барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз
керек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына
байланысты бәсеке күшейіп барады. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция
тартуға қатысты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз
керек. Әйтпесе қолда тұрған мүмкіндік пен артықшылықтан айырылып қалуымыз
мүмкін.

