Қазақстан «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» халықаралық конференциясына қатысты

Қазақстан «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» халықаралық конференциясына қатысты

Қазақстан әлем елдерін Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш біріктіруге шақырады. Бұл туралы Ташкентте «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» халықаралық конференциясы аясында ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев мәлім етті. «Ауғанстан – Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ортақ күш-жігер жұмсау керек. Біз бұл бағытта екіжақты форматта да, көпжақты негізде де жұмыс істеуге дайынбыз», - деді қазақстандық дипломат. Сондай-ақ, ол ауған мәселесіне бірыңғай өңірлік көзқарас, БҰҰ рөлін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті. Елші Қазақстанның Ауғанстанмен сауда және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға дайындығын мәлімдеді. Ташкент конференциясына 20-дан аса мемлекет пен жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Талғат Қалиев, ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

 – Аймақта көрші орналасқан мемлекет басшылары сөз сөйлеп, елді қалпына келтіру бағытында жаңа ауған үкіметімен ықпалдастыққа дайын екендерін жеткізді. Ауғанстанды түрлі инфрақұрылымдық жобаларға тарту қажеттігін айтты. Яғни, аймақтық интеграцияға қосылуын қолдады.