Қазақстан БҰҰ бастамаларын қолдайды
Қазір Орталық Азияда күн күрт жылынып, ауа температурасының жоғарылауы байқалады. Табиғи апаттардың алдын алу үшін Қазақстан 2026 жылы БҰҰ-ның Бірінші өңірлік климаттық саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ-дағы Болашақ саммитінде мәлімдеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы шеңберінде өткен саммитте климаттың өзгеруі және ядролық қауіп сияқты заманауи-жаһандық сын-қатерлерді еңсеру тақырыптары талқыланды. Қазіргідей геосаяси жағдай құбылып тұрған тұста әлемге дипломатия мен диалог қажет. Ал саладағы проблемаларды еңсеру үшін БҰҰ жүйесін жан-жақты реформалау керек, - дейді министр. Ол үшін халықаралық институттардағы орта державалар мен дамушы елдердің даусы ескерілуі маңызды. Әрі қауіпсіздік Кеңесінде ол анық естілуі тиіс.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:
– Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысының бастамаларын және Болашақ саммитінің барлық негізгі құжаттарын толық қолдайды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық елдермен және оның институттарымен біздің планетамыз және бүкіл адамзат үшін де жарқын болашақты қамтамасыз етуде күш біріктіру үшін бүгін Қазақстан осында тұр. Бүгінгі тақырыптар өте өзекті. Қазақстан халықаралық ядролық қарусыздануды ілгерілетуде белсенді рөл атқарады. Әрі баршаңызды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз.

