Қ.Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары

Қ.Тоқаевтың Алматыға жұмыс сапары

Бүгін Мемлекет басшысы Алматы қаласындағы сумен қамту нысандарының құрылысымен танысты. Атап айтқанда бұл – әрқайсысының сыйымдылығы 3000 текше метр болатын екі резервуар мен сорғы станциясы. Мұнда су жинақталып, зарарсыздандырылады. ықшамаудандардың магистральды желілері арқылы таратылады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа республиканың ірі мегаполисін сумен қамту желісінің қазіргі жай-күйі мен даму жоспары туралы баяндалды. Өткен жылы 200 шақырым су құбыры жүйесі салынып, жаңғыртылды. Биыл тағы да осындай желілерді пайдалануға беру жоспарланған. Өз кезегінде бұл қала тұрғындарының барлығын сумен қамтитын орталық желіге қосуға мүмкіндік берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақшаны суару үшін, тіпті астыңдағы көлікті жуу үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Ондайды еш жағдайда болдырмау керек. Бұндай ешбір елде жоқ. Су үнемдеу технологияларын қолдану қажет. Азаматтар арасында суды үнемдеу мәдениеті енгізілуі тиіс.

Кейін Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды төтенше жағдайлар кезінде тексерілген іс-қимылдарды жүйелі түрде қайталаудың және жаттықтырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл шын мәнінде маңызды. Себебі ел аумағының үштен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар. Президент инфрақұрылымдардың халықты эвакуациялауға дайындығына және құлақтандыру жүйесіне қатысты мәселеге де тоқталды. Сейсмология саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп жатқан Үкіметке қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауды, ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейтуді, жер сілкіністерінің мониторингі мен болжамын түбегейлі жақсартуды тапсырды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Footlab футбол орталығында болып, жас дарындармен кездесті. Әзірге пилоттық режимде іске қосылған Академияда 50 оқушы білім алуда. Алайда болашақта мұнда 5-12 жас аралығындағы мыңға жуық баланы жаттықтыру жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Алматының Ахуалдық орталығының жұмысымен танысты. Ол нақты уақыт режимінде мегаполистің өмірі туралы ақпаратты жинауға және талдауға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев қайта қалпына келтірілген қала әкімдігінің ғимаратын аралап көрді. Реконструкция кезінде нысанның энергетикалық тиімділігін арттыруға ықпал ететін заманауи технологиялар қолданылған. Дегенмен оның тарихи мәні ескеріле отырып, архитектуралық келбеті сақталды.