Мәжіліс ЕАЭО келісіміне енгізілген өзгерістерді ратификациялады

Мәжіліс ЕАЭО келісіміне енгізілген өзгерістерді ратификациялады

Мәжіліс Еуразиялық Экономикалық Одақ туралы шартқа өзгерістер енгізуді ратификациялады. Атап айтсақ, құжаттар тұтынушылар құқығын қорғаудың бірыңғай ережелерін бекітеді. Депутаттардың айтуынша, электронды сатылыммен айналысатын кез-келген компания өз елінің ұлттық заңына сәйкес жұмыс істейді. Одан бөлек, құжатта қол қойылған өзгерістерге сәйкес өзара электронды қолтаңбаларды тану көзделген. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі электронды сатылымдарға қатыса алады. Одан бөлек, келісімде қатысушы елдер фито-санитарлық қауіп төнген жағдайда шұғыл әрекет ете алатын бөлек пункт те бар.

 

Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Келісім шеңберінде қатысушы елдер арнайы тізбекке кірмеген қауіпті қоздырғыштар бойынша шұғыл фитосанитарлық шаралар қабылдай алады, жаңа қоздырғыштардың табылғаны туралы алдын ала хабарлауға міндетті болады, Қазір Мәжілісте ол ратификациялаудан өтті. Келесі кезең - Сенатта қаралып, содан кейін Президентке қол қоюға жіберіледі. Еуразиялық экономикалық интеграцияға мүше қалған барлық мемлекеттер аталған хаттаманы өз елінде ратификациялады. Барлық қажетті рәсімдер орын алғаннан кейін үкіметаралық бағдарлама әзірленеді, оның аясында жұмыс істеуге болады. Қазір жұмыс істеп жатыр. Айырмашылығы электронды форматта болуында.

 

Қазақстанда өзбекстандықтар тіркеусіз 30 күн жүре алады

 

Палата отырысында Мәжіліс депутаттары тағы бір құжаттағы өзгерісті мақұлдады. Ол Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары екі ел ішінде тіркеусіз жүру уақытын ұзартуға қатысты. Өзгерістерге сәйкес бұл тәртіп 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтылды. Халық қалаулылары үкіметаралық келісімнің хаттамасына енгізілген өзгерісті қабылдап, ары қарай Сенатқа жіберді. Айта кетейік, Өзбекстан заң шығарушы органы бұл заңды өткен жылдың сәуір айында ратификациялаған. Палата мүшелерінің айтуынша, бұл өзгерістер екі ел арасындағы экономикалық іскерлік және мәдени байланысты нығайтуға серпіліс береді.

 

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Өткен жылы Қазақстанға бес миллионнан астам Өзбекстан азаматы келді, олардың 400-ге жуығы уақытша тіркеуге тұрды. Екі елдің азаматтары арасындағы өзара сапарлар туралы келісімді ратификациялау Өзбекстан азаматтарының елімізде және Қазақстан азаматтарының Өзбекстанда неғұрлым ыңғайлы болуына мүмкіндік береді. Өзбекстан мен Қырғызстан арасында 60-тан 50 күнге дейін тіркеусіз тұруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан бұл мәселені қарастырып, 30 күн емес, 50 немесе 60 күнге тіркеусіз  болу мүмкіндігін ұзартып жатар.