Қазақстан цифрлық державаға айналады

Қазақстан цифрлық державаға айналады

Қазақстан цифрландыру бойынша әлемде 24 орында тұр. Ал, онлайн қызмет көрсету жағынан үздік ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында елді цифрлық державаға айналдыру керек деді. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Президент бұл салада АҚШ пен Қытайдан үйренеріміз көп деп отыр. Мәселен қазір Қытайда ЖИ мәселесімен айналысатын 5 мыңға жуық компания бар. Ал біздің ІТ бағытындағы жалпы компанияларымыз 18 мыңға жетті. Олар соңғы бір жарым жылдың ішінде 1,2 триллион теңге пайда тапқан. Қазақстан цифрлық өнімдерін сыртқа сатып жатыр. Былтыр ІТ экспортынан 140 млрд теңге табыс түскен. Цифрлық активтерге арналған CryptoCity пилоттық аймағы құрылып жатыр. Жедел дамитын Alatau city қаласының да құрылысы басталды. Ендігі белес - суперкомпьютерді дамыту. Alem-AI орталығы бұған мүмкіндік беруі тиіс. Оны Орталық Азия елдері де қолдануға ниетті.


Нұрмахан Закарин, Astana Hub қатысушыларын қолдау кеңсесінің директоры:


- Қазіргі таңда цифрландыру мен жасанды интеллектке бағытталған фокус елімізге қолданбалы нәтижелер арқылы халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл тек мемлекеттік қызметтерді цифрландыру немесе жекелеген ұсақ іс-шаралар туралы ғана емес. Әңгіме жасанды интеллектіні өнеркәсіпке, қаржы саласына, саясатқа және басқа да бағыттарға енгізу жайында болып отыр. Атқарылып жатқан барлық шаралар ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

 

Президент өзінің жаңа жылдық құттықтауында 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Яғни, сандық саланы бұдан әрі дамыту жұмысы күшейе түспек. Қазірдің өзінде кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады. Ақылды жүйені реттейтін арнайы заң да бар. Оның іске асуын жасанды интеллект министрлігі бақылайды.