Қазақстан Digital Energy саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтпек

Қазақстан Digital Energy саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтпек

Қазақстанның энергетикалық кешеніне жасанды интеллект негізінде құрылған сараптамалық-талдау жүйелерін ендіру. Бұған Біріккен Араб Әмірліктерінің салалық компаниясы мүдделік танытып отыр. Осыған дейін ел кеніштеріне  арнайы құрылғылар жеткізетін шетелдік серіктес енді цифрлық технологиялар бағытында да әріптестік әлеуетін кеңейтуге дәмелі. Мұндай ниеттерін аталмыш компания өкілі «Digital Energy & AI Summit» халықаралық конференциясы барысында жеткізді. Жалпы елордада өтіп жатқан ауқымды шара барысында еліміздің осы секторын дамытуға қатысты әлемнің 15 жетекші компаниясы өз жобаларын таныстырып, үздік IT-шешімдер ұсынбақ. Шетелдік және отандық сала мамандары мен сарапшылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөліседі.   

Антон Мельник, Жаһандық бизнесті дамыту өнеркәсіптік кәсіпорнының директоры, (БАӘ):
- Мен бұлтты технологияларға қатысты жаңалықтарды бақылап отырамын. Соңғы жылдары ол жылдам дамуда. Бұл ретте ТМД  елдері арасында Қазақстан көш бастап келетінін айта аламын. Бұл біз үшін аса маңызды. Өйткені біз ұсынатын шешімдер аса ауқымды есептеуіш ресурстарды талап етпейді. Қазақстанның сандық және бұлтты технологиялар бағытындағы тың жетістіктері бірлескен жобаларды жылдам әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бақытжан Ілияс, ҚР Энергетика Вице-министрі:
Екі жақты кездесулер барысында болашақта әріптестік орнатуға болатын әлеуетті жобалар анықталды.  Мәселен, Қазақстандық ЖОО-ның базасында салаға IT-инженерлер дайындаумен айналысатын оқыту орталықтарын құру. Бұл болашақ үшін маңызды бағыт. Себебі, автоматтандыру, цифрландыру мен сандық тұғырнамаларға көшу және жасанды интеллекті пайдалану Энергетика саласын дамытудың кепілі. Сондықтан мамандарды даярлауға бүгіннен қалмай кірісу керек.