Қазақстанда инфляция 13-15% деңгейінде болады

2022 жылдың соңында инфляция 13-15 процент деңгейінде болады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті. Оның айтуынша, аталған болжам «Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі» шаралар кешенін іске асыруын ескере отырып жасалды. Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров алты жылда алғаш рет инфляция көлемі 13 проценттен асқанын хабарлаған еді. Өз кезегінде, Ұлттық банк төрағасы  Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңартылған Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыра бастағанын мәлімдеді.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

– Биылғы инфляциялық қысым геосаяси дағдарыстың басталуынан күшейді, одан кейін ақпан-наурызда теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуі және жоғары белгісіздіктің салдарынан шамадан тыс өскен тұтынушылық белсенділік байқалды. Оның салдарынан инфляция ақпандағы 8,7%-дан мамырда 14%-ға дейін өсті. Жылдық мәнде 19%-ға жеткен азық-түлік өнімдері бағасының өсуі де біршама үлес қосып келеді. Инфляцияға қарсы саясатты күшейту үшін Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған жаңартылған Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Қазақстан экономикасы 2021 жылы 4 проценттен астамға өсіп, пандемияға дейінгі жағдайда қайта оралғанын айтты.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай