Қазақстан шекарасынан өтетін көліктер туралы ақпараттық деректер базасы құрылады
ТМД елдері арасында ұрланған көліктерді қайтарудың жолы жеңілдетіледі. Мәжіліс темір тұлпар иелерінің құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау тәртібін күшейтуді көздейтін келісім жобасын мақұлдады.
Айта кетерлігі, тек 2005-ші жылдан бері жымқырылып, шетелге өтіп кеткен 223 көліктің 30% ғана елге қайтарылған. Енді ережеге сәйкес, қолды болған көлік бойынша сұрау салуды орындауға бір ай беріледі. Ол жөнінде ақпарат ұсынудан бас тарту үшін нақты негіз қажет. Ең бастысы ынтымақтастық аясында шекарадан өтетін темір тұлпарлар туралы ортақ деректер базасы құрылады. Құжатта келтірілген барлық нормалар «Вена конвенциясына» сәйкестендірілген.
ЕРЛАН ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
- Сонымен қатар хаттамада жол-көлік, өрт және табиғи апаттан зардап шеккен автокөліктер туралы мәлімет беру, кеден органдарымен ақпарат алмасу, 1 жыл ішінде сұрауы жоқ автокөлік қай жерде анықталса, сол мемлекетте қалдыру мәселелері шешілген. Бүгінде тәуелсіз мемлекеттер достастық елдерінің арасында автокөліктерді ұрлау проблема болып тұр. Осы келісімді бекіту азаматтардың құқығын қорғап, ұрланған көліктерді қайтарудың жолын жеңілдетеді.