Қазақстанда ірі компаниядағы қарапайым қызметкерлердің табысы артады

Қазақстанда ірі компаниядағы қарапайым қызметкерлердің табысы артады

Қазақстанда ірі компанияларда қызмет ететін 200 мыңнан астам жұмыскердің табысын арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы елордада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына арналған жиында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті. Оның айтуынша, сарапшылар қоғаммен талқылап жүзеге асырып отырған жобаға бірінші кезекте барлық министрлік, облыс және ауыл аймақтың әкімдері жауапты.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Сол бағдарламаның ішінде «Самұрық-Қазына» компаниясына тікелей қатысты көптеген ірі компаниялар бар. Оның барлығы белгілі. Сол ірі компаниялардың жұмысындағы нақты іс шаралар мен жұмыс жасайтын азаматтардың да мүмкіндігін, әл-ауқатын қалай арттырамыз деген жобаларды жүзеге асыруымыз керек. 200 мыңнан аса осы Самұрық-Қазына қорында жұмыс жасайтын азаматтардың жағдайын жақсартуға келіскен болатынбыз. Ол бағдарламаның ішінде бар.

Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын айтқан еді. Нақтыласақ, өндіріс саласында 950 мың, инфрақұрылым саласында 583 мың, ауыл шаруашылығында 458 мың, туристік салада 59 мың жұмыс орны ашылады. Бұл қазіргі нақты мүмкіндіктер. Айта кетейік, жобаны жүзеге асыруға жалпы сомасы 197 млрд теңге көзделген.