Қазақстанда 18-19 мамыр күндері «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» екінші экономикалық форумы өтеді

«Жасыл» экономикаға көшу, цифрлық жаңғыру, Орталық Азия елдеріндегі іскерлік ахуалды жақсарту, сондай-ақ сауда мен көлік байланысын кеңейту сынды басым салаларға назар аударылмақ. Әр тарапқа бірдей тиімді болатын бірлескен жобалар жайы қозғалады.

Ержан Әбіш, ҚР ҰЭМ халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры:

- Бірінші күні, 18 мамырда бизнес өкілдерінің В2В форматында кездесулері өтеді. Онда қатысушы елдердің компаниялары арасындағы іскерлік байланыстарды жақсарту мақсатында Еуропа және Орталық Азия елдерінің кәсіпкелері өзара келіссөздер жүргізеді.  Бұл жалпы бизнес ахуалды жақсарту және экономикалық диалог құру үшін аса маңызды шара.  Экономикалық форум Қазақстанға осы бағытта ілгері жылжуына үлкен серпін береді деп күтілуде. Еуропалық одақ қазір өз экономикасын әртараптандыру, инвестициялық әлеуеттін арттыру үшін Орталық Азиямен байланысын жақсартуға мүдделік танытып отыр. Бұл тұрғыда Қазақстан өз көліктік әлеуетін барынша кәдеге жаратып қана қоймай, аймақ елдері арасында тауар айналымын жақсарту үшін шешуші рөл атқара алар еді.

Айта кетейік, Еуроодақ - Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр тараптардың өзара тауар айналымы 40 млрд доллар шамасында болды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 38% жоғары. Сонымен қатар, еуропалық компаниялардың біздің елімізге салған инвестиция көлемі 2022 жылы 12 жарым млрд долларға жеткен.