2021 жылдың ортасына қарай Қазақстанда төмен көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленеді
Қазақстанда төмен көміртекті даму тұжырымдамасы әзірленеді. Құжат қоршаған ортаға залалды төмендету мен зиянды шығарындылар көлемін азайтуды көздейді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Стратегияда көміртегі мен газды экономика мен энергетиканың әртүрлі даму сатыларында пайдалану мен қысқарту жолдары қарастырылған.
Айта кету керек, Қазақстанның төмен көміртекті даму тұжырымдамасына көшуі өз кезегінде жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің дамуына жол ашады.
МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
Қазір әлемде декарбонизациялау тренді байқалады. Мәселен, өткен жылы Еуропалық Одақ 2050 жылға қарай парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізуді өзінің басты мақсаты деп жариялады. Еуропа нарығында отандық өнімдердің жоғары бәсекелестігін сақтау үшін бізге шығарындыларды қысқарту қажет. Осыған орай министрлік Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысты 2021 жылдың ортасында аяқтауға тиіспіз.