Қазақстан Қатар және Сингапурмен инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдерді бекітті

Қазақстан Қатар және Сингапурмен инвестицияларды  өзара қорғау туралы келісімдерді бекітті

Қазір Қазақстан мен Қатар 1,3 млрд долларды құрайтын 14 жобаны пысықтап жатыр. Оның ішінде 20 млн доллардың 3 жобасы жүзеге асып, 103 млн доллар шамасындағы 2 жоба қолға алынды. Катарлық компаниялар елімізде құрылыс, аграрлық кешен мен энергетика салаларына қаржы құюға мүдделік танытып отыр. Сенат олардың бұл ниеттеріне қолдау көрсететін  тараптардың арасында инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімін мақұлдады. Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Сингапур арасындағы дәл осындай құжатты ратификациялады. Сингапурлық компаниялардың да инвестициялық тізімінде жалпы құны 642 млн доллардан асатын 13 жоба бар. Мәселен бұл елдің инвесторлары қазақстандық транзитті дамытуға бағытталған ақпараттық жүйені жетілдіруді қолға алмақ. Жалпы бүгінде Оңтүстік Шығыс Азиядағы серіктес мемлекет отандық экономикаға салған инвестицияларының көлемі АҚШ валютасында 1,4 млрд-тан асты. Қос елмен де бекітілген келісімдердің мақсаты – осы бағыттағы әріптестік аясын одан әрі кеңейтіп, инвесторлардың құқықтарымен мүдделерін ұлттық және халықаралық заңдарға сәйкес қорғау. Заң халықаралық төрелікке қол жеткізуді, сондай-ақ шетелдік инвестицияларға елдердің әділ және тең қарым-қатынасын қамтамасыз етеді. Есесіне өзара алыс-беріс, барыс келіс әлеуеті артады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Бүгін қаралған заңдар еліміздің Катар және Сингапур мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдер шеңберінде инвестицияларды қолдау шаралары, инвесторлар қатысатын дауларды шешу тәртiбi және өзге де мәселелер реттеледі. Жалпы, мақұлданған заңдар қолайлы құқықтық орта қалыптастыру арқылы инвестиция тартуға және ел экономикасының дамуына оң септігін тигізеді деп сенеміз.