Қазақстан-Корея: дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды

Қазақстан-Корея: дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толды

Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай ҚР СІМ-нің орынбасары Шахрат Нұрышев осы елдің Қазақстандағы елшісімен кездесу өткізіп, қос мемлекет басшыларының құттықтау хаттарымен алмасты. Тараптар екі арадағы стратегиялық серіктестік дами түсетініне сенім білдірді.

Ку Хонг Сок, Қазақстандағы Корея Республикасының елшісі:

- Маған екі елдің арасындағы дипломатиялық байланысқа 30 жыл толуына орай құттықтау мәртебесі бұйырып тұр. Осы кезеңде мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы жоғары қарқынмен дамыды. 2009 жылы екі ел стратегиялық әріптеске айналды. Қазақстан – Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Сондай-ақ Корея Қазақстанға ең көп инвестиция салып отыр. Бұл тығыз байланыс алдағы уақытта одан сайын тереңдеп, болашағымыз қазіргіден де жарқын болатыны сөзсіз.

Қазақстанның Иран мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатқанына да биыл – 30 жыл. Арнайы кездесу барысында Иран Республикасының елшісі Маджид Самад-задэ Сабер қос тараптың сауда және транзиттік мүмкіндіктерін барынша кеңейту қажеттігін атап өтті. Басқосуда Каспий өңіріндегі елдер арасындағы жан-жақты серіктестікті одан әрі дамыту керектігі сөз болды.

Маджид Самадзадэ Сабер, Қазақстандағы Иран Республикасының елшісі:

- Қазақстан мен Иран арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бастап, байланыс өзара түсіністік және достық негізде жүзеге асып келеді. Екі ел басшыларының саяси ерік-жігері көпжақты қарым-қатынасқа негізделген. Осы уақыт аралығында саяси және сауда-экономикалық салалардағы байланыстар кеңейіп, жақсы дамыды. Мысалы, былтыр екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 2020 жылмен салыстырғанда 110% процентке артты.