Қазақстан көрші елдермен «Travel bubble» құруды ұсынды

Қазақстан көрші елдермен «Travel bubble» құруды ұсынды

Сарапшылардың айтуынша, мұндай «Жасыл дәліздер» жаңалық емес, себебі оны бүгінде әлемнің өзге мемлекеттері белсенді қолданып келеді. Олардың сөзінше, жоба туристердің құрлық шекарасынан өтуін жеңілдетеді және өңірлік ынтымақтастықты күшейтеді. Осылайша келушілердің билік органдарына хабар беруінің, сондай-ақ екі апталық карантин шараларын да сақтаудың қажеті жоқ. Алайда коронавирусқа тест тапсыру міндетті. Сарапшылар аталған жоба бойынша өңірлік ведомствоаралық комиссия құруды, өткізу пунктерінің инфрақұрылымын жақсартуды және қауіпсіздіктің жалпы хаттамаларын құруды ұсынды.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:

- Бізге туристердің басым көпшілігі құрлық арқылы келеді. Бізде Ресеймен әлемдегі ең ұзын шекара 7 мың шақырымнан асады. Қазіргі уақытта біздің вакциналаудан өткен төлқұжатымызды Қырғызстаннан басқа көрші елдер әлі мойындаған жоқ. Соған қарамастан жақын күндері Қазақстан бірқатар елдің вакциналау паспорттарына рұқсат беретіні туралы жаңалық шықты. Оның ішінде Венгрия, Армения, Иран, Молдова, Қырғызстан, Түркия және басқа да елдер бар. Сондықтан «Travel bubble» арқылы туристердің бізге келуі үшін жағдай жасау керек. Олар көптеген бюрократиялық нюансты айналып өтіп, елге туризм үшін келуге мүмкіндік беретін белгілі бір хаттамамен құрылуы керек.

Қазіргі таңда туристерге арналған «Жасыл дәліз» жобасы тиісті органдардың қарауына жіберіліп, көрші елдермен талқыланатын болады. Сарапшылардың айтуынша, бұл тәжірибе коронавирустан кейін туристер ағынын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбай