Қазақстан шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтеді

Қазақстан шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтеді

Мемлекеттік шекарада эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, вакциналау қарқынын жеделдету. Бұл тапсырамаларды Үкімет отырысында министрлер кабинетінің басшысы Асқар Мамин айтты. Премьер-Министрдің айтуынша, республикада иммундау көрсеткіші төмендеген. Мәселен, вакцинаның бірінші компонентін 8,2 миллионнан астам адам алса, 7,5 миллионға жуық қазақстандық екпенің қос компонентін қабылдап үлгерген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдері вакциналау мәселесін жеке бақылауға алсын және оның қажетті деңгейін қамтамасыз етсін! Денсаулық сақтау, Ақпарат министрліктері халық арасында вакциналау мен ревакцинациялаудың маңыздылығы туралы, сонымен қатар денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы – коронавирусқа қарсы екпені алу екенін түсіндіру бойынша жұмысты жалғастырсын!

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой алдағы айлардағы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал болжамын жаңартты. Оның айтуынша, қараша айында пессимистік сценарий бойынша күніне орта есеппен 1800-ге дейін, оптимистік болжам бойынша 1500-ге дейін жұқтыру тіркелуі мүмкін.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жалпы Қазақстанда соңғы 2 айда ауру көрсеткіші 4,5 есеге, өлім көрсеткіші 4,8 есеге төмендеген. Қазақстанда 1 тамыздан бастап инфекциялық төсек орындарының қамтылуы 56-дан 37%, реанимациялық төсек-орындар 45-тен 30% төмендеді. 30 мыңнан астам төсек орын резервте қалды. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасуда.

Авторы: Әсел Күшенғалиева