Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы үш есеге өсті

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы үш есеге өсті

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың бірінші тоқсанында үш есе өсті. Оның көлемі үш айда 100 миллион долларға жетті. Еліміз Каспий теңізімен шектесетін көрші елге негізінен бидай, мұнай және мұнай өнімдері мен теміржол локомотивтерін экспорттап, кеме, паром, түрлі полимерлер мен қара металдан жасалған құбырларды сатып алады.

Эльшад Мамедов, экономист:

– Менің ойымша, біздің Үкіметтеріміздің алдына елдер арасындағы бұл көрсеткішті орта мерзімді перспективада кем дегенде 1 миллиард доллардан асыру міндетін қою қажет. Себебі, бұл статистика біздің әлеуетімізге сәйкес келмейді. Бірақ, ол үшін бірлескен тікелей инвестициялар қажет. Бұл үшін мүмкіндіктер бар, жалпы біздің экономикамыздың құрылымы өте ұқсас. Біз соңғы онжылдықта тек мұнай-газ саласын дамытуға,  шикізаттарды экспорттауға көбірек көңіл бөлдік.

Азия мен Еуропаға жол ашатын қақпалар – Қазақстан мен Әзербайжан  Каспий теңізінің порт қуатын толық пайдаланбай отыр. Бүгінде тек төрттен бір бөлігі ғана жүктелген. Соңғы уақытта қос тарап та Каспийді халықаралық көлік хабына айналдыру қажеттігін жиі айтып жүр.

Фархад Мамедов, «Оңтүстік Кавказ» зерттеу орталығының жетекшісі:

– «Баку-Тбилиси-Джейхан» мен «Баку-Супса» құбырлары негізінде орташа қуатпен жұмыс істеп тұр. Яғни, бізде бұл инфрақұрылымды толтыруға болады. Бірақ мәселе Қазақстан мен Әзербайжан арасында, Каспийдің асты бойынша құбыр жоқ және сәйкесінше мұнайды шектеулі мөлшерде танкерлермен тасымалдауға тура келеді. Каспийде танкерлер салу мәселесіне көшбасшылар кездесуінде ерекше көңіл бөлінеді деп ойлаймын.

Бүгін Қазақстан президенті Әзербайжанға ресми сапармен барады. Мемлекет басшылары жеке және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін талқылайды. Сапар аясында 20-дан астам құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.